Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында орталық мемлекеттік органдардың өкілдері а.ж. 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасын алып тастауға әзірлік туралы айтып берді.
Қазақстандықтар өздерінің тіркелген жерін egov.kz электронды үкімет порталындағы жеке кабинетінде немесе eGov mobile қосымшасы арқылы тексере алады. Мемлекеттік органдарға қазір өздерінің ақпараттық жүйелері арқылы осы ақпарат қолжетімді, ол ІІМ деректер базасымен кіріктірілген.
Еңбек қатынастарын реттеу
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік серіктестік департаментінің директоры Бағлан Жолпошов айтып өткендей, еңбек заңнамасында мекенжай анықтамасын ұсыну бойынша талап жоқ. Жұмыс беруші мұндай құжаттарды талап етуге құқылы емес.
“Еңбек келісімшартында тұрғылықты жерінің мекенжайы көрсетіледі. Бұл жетклікті. Қызметкер оны өз бетінше толтырады. Тұрғылықты жері бойынша алалауға да жол берілмейді. Егер жұмыскер алалауға ұшыраса, онда жұмыс беруші еңбек заңнамасында көрсетілмеген құжаттарды талап етсе, қызметкер жұмыс берушінің іс-әрекеттеріне шағымдана алады. Ол өзінің құқығын қорғау үшін сот органдарына жүгіне алады, өйткені ол әлі жұмыскер емес, әрі еңбек қатынастарына тіркелмеді», — деді Б. Жолпошов.
Егер азамат сол жердің жұмысшысы болса, онда ол жұмыс берушінің іс-әрекеттеріне еңбек инспекциясы бойынша жергілікті органға шағымдана алады. Еңбек инспекциялары барлық өңірлерде әкімдіктер жанында жұмыс істейді. Тексеру негізінде жұмыскердің құқықтары қорғалатын болады.
Шетел азаматтарының мекенжай анықтамасын ұсынуы бойынша талаптар
ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Тауболды Үмбетбаевтың айтуынша, мекенжай анықтамасын алып тастау туралы ақпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне уақытылы берілген. Бір ай уақыт бұрын барлық министрліктермен бірлесіп Қазақстанның шетелдердегі өкілдіктеріне барлық қажетті ақпарат жолданған.
“1 қарашадан бастап бізде мекенжай анықтамасын талап ету жойылады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, Вена конвенциясының 41- тарауы бойынша сол мемлекеттер басқа елдерде қабылданған заңдарды сыйлауы керек», — деді Т. Үмбетбаев.
Тұрғын үй бағдарламаларына қатысу
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ комитетінің басқарма басшысы Жалғас Борсабаев өз кезегінде бүгінгі таңда 2025 жылға дейінгі “Нұрлы жер” жаңа мемлекеттік бағдарламасы келісілу үстінде екенін айтты, оның аясында тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру қарастырылған, яғни, заңда әлеуметтік тұрғын үйді алу үшін республикалық маңызы бар қалаларда 3 жыл бойы тұрақты тұрғаны фактісін растайтын құжатты ұсыну керек. Бүгінгі таңда бұл мәліметтер қолданыстағы ақпараттық жүйелерден алынады.