Адамгершілік тәрбиесі – инабаттылыққа, ізгілікке баулудың жолы, сондықтан да ізгіліктің ең үлкені – адамдарға жақсылық жасау деп түсінсек, мұның өзі адамның бойындағы ізгіліктің болуынан. Ізгілік – адамның өзіне баға беруінен басталатындығынан адамның өзінің өмірдегі орны мен өмір сүрудің негізгі өзегін және мәні мен маңызын түсінуін, адамдық міндеттерге құрметпен қарауын білдіреді. Рух-жан, тіршілік қуаты, рухани азық болмаса рух(жан) мерейі үстем болмай, адамдық қасиет бұзылады. Рухани қажеттілік-адамның жеке тұлғалық, шығармашылық қажетін қанағаттандыратын құндылық. Рухани негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады. Ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады. Ал махаббат адамның мінез-құлқына рух береді, оны өзгертеді. Шығармашылық әрекеттерге жетелейді. Адамдардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасауы, адам бойындағы адамгершілік қасиеттің жоғарылығын көрсетеді. Адамгершілік – адамның рухани білімі жетілген, жан дүниесі бай адам бойынан табылады. Рухани –адамгершілікке тәрбиелеу дегеніміз – оқушы өміріндегі орнын, жауапкершілігін түсініп, өзін-өзі жетілдіріп, адамдарға, айнала қоршаған ортаға, жан-жануарларға және экологияға жақсылық тілеп, жақсы іс жасауы. Сондықтан рухани-адамгершілік жеке тұлғаны қалыптастырудың негізі болып табылады. Негізгі көрсеткіштері: басқаларға жақсылық жасау, жақсылыққа ұмтылу, өзін-өзі дамытып жетілдіру. Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмейді. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда адамзат баласының қоғамдағы әрбір қарым-қатынасы тек рухани-адамгершілік құндылықтармен ғана нәтижелі болады. Бұл дегеніміз қоғамдағы адамдар өмірінің мәнді-мағыналы болуы, адамның ой- парасаты мен адамгершілік іс-әрекетіне байланысты. Демек, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда баланың өзін-өзі тануына, өз әрекетін бағалауына үлкен мән беріледі.
Көп жағдайда біз баланы, жеке тұлғаны өзіміз қалағандай етіп жасауға тырысамыз. Балаға табиғат берген табиғилықтан бұрын жасанды қасиеттерді бойына сіңіртіп, ең соңында сол әрекеттен аластауын қалаймыз. Мәселен, бала өмірге келген күннен бастап, біз баланың қалауынша емес, өз қалауымызша қарым-қатынасқа түсеміз. Бала «көрейін», «ұстайын», «жасайын» деген кезінде, тағы да ерік бермейміз. Ал оқу, үйрену қажет кезінде қызығушылық бала бойынан көріне қоймайды. Ол кезде енді ата-ана да, мұғалім де балаға күштеп оқытуға, үйретуге тырысады. Тек мұғалімнің, немесе ата-анасының бағыт көрсетуімен ғана әрекет етеді. Бұл ешқандай жаңа технологияны, ешқандай жаңашылдықты жүзеге асырмайды. Сондықтан бала тәрбиесінде баланы өзіміздей болғанын емес, өзінің қалағанын, тілегенін жасауға жағдай жасасақ, оны тәрбиелеуге кедергі жасамаймыз, тек тәрбиенің бала бойында қалыптасуына жағдай жасаймыз. Бала өзінің жеке тұлғалық қасиетін «Мен» тұжырымдамасын көрсете алады.
Білім беру үрдісінде адамның үйлесімді даму міндеті тек әлемдік және ұлттық мәдениеттің үлгілерін құндылықты меңгеру арқылы ғана шешілетіні анық, өйткені тұлғаның бойында дүние танымдық және мінез-құлықтық бағдарламалардың қалыптасуы білім беру сапалы болғандығын білдіреді. Мектепке дейінгі шақта адамгершілік құндылықтардың құру маңыздылығын орнату үшін оны құрастырушы ұғымдарының мағынасын түсіну қажет.
Жас ұрпақтың адамгершілік-рухани дамуы бойынша кең көлемде «Өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасы даналықтың шыңы ол – махаббат, ол – бақыттың құпиясы, ол – адамның өзін-өзі тануы, бақыт пен өмірлік табысқа жету үшін өзінің шексіз мүмкіндіктерін аша алуы.
Осы орайда жас ұрпақтың рухани мәдениетін арттырып, көркемдік әлемін байытуда, дүниетанымын қалыптастырып, салауаттылыққа тәрбиелеуде «Өзін-өзі тану» пәнінің орны ерекше. «Өзін-өзі тану» бағдарламасының негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны біліп, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі басқару негізінде адамгершілік – рухани әлеуетін көтеру. Жеке тұлғаның бойына имандылық нұрын ұялатуда «Өзін-өзі тану» пәнінің мәні ерекше зор. Өйткені, бұл – кіріктірілген бағдарлама. Бұл пән жеке тұлғаның өзін-өзі тануына және рухани баюына әсер ете отырып, әрбір тұлғаның жақсы жаққа өзгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол жеке тұлға ретінде өзін-өзі тануға және өмірлік ұстанымын, дүние танымдық деңгейін анықтайтын құндылықтар сапасына ие болуға бағыт-бағдар береді. Адамгершілік – рухани тұрғыдан дәріс алған балалар өмірлік маңызды құндылықтар жүйесін зерделейді, рухани және материалдық арақатынас мәселесін пайымдай отырып өзіндік көзқарастарын шыңдай түседі.
Рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі аса маңызды шарттардың бірі – мұғалімнің өзінің әрбір ісі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, сөйлеген сөзінің басқаларға ықпалы мен әсері, одан шығатын нәтижеге жауапкершілігі. Бала ықпал ететін объектісі емес, ынтымақтаса қызмет ететін тұлғаға айналуы керек. Мұғалім бойында мынадай қасиеттері болуы қажет:
Әр бала – рухани күш иесі. Ол айналаны танып-білуге ұмтылады. Бұл ұмтылыс адам баласының бойында дүниеге келген сәтінен-ақ пайда болады. Баланың шығармашылық қабілетін дамыту ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсініп алуды қажет етеді. «Шығармашылық» сөзінің төркіні «шығару», «ойлап табу» дегенге келіп соғады. Демек жаңа нәрсе ойлап табу, сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсінукерек. Сондықтан да мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарауы керек. Мұғалімнің осындай көзқарасы баланы жігерлендіріп, өмірге белсенділігін, білімге құштарлығын арттырады. Мұғалімнің шеберлігі мен білімділігі «Өзін-өзі тану» пәнінің құндылығы мен маңыздылығын аша түсуде.
Өзін-өзі тану пәнінен бастауыш сыныптарымен іс-тәжірибе алмасу мақсатында аудандық семинарларда, мектепшілік ата-аналар жиналысында, мұғалімдер арасында өткізген үлгі сабақтарымның мақсаттары туралы айта отырып, әр сабақтан үзінді ретінде өзімнің қысқаша пайдаланған іс-тәжірибемді көрсетіп отырамын. Қанатбаев атындағы орта мектепте «Өзін-өзі тану» пәнінен өткізген «Рухани- адамгершілік құндылықтарды дамыту» тақырыбындағы облыстық оқыту-үйрету семинарындағы «Салауаттылық – менің қалауым» тақырыбындағы сабақ. Сабақта балаларға әңгімелеу әдісінде Ұлықпан Хакімнің денсаулықты сақтауға байланысты өсиетін айта отырып, адамның денінің сау болуы оның болашағының да жарқын болуының алғы шарты, денсаулықтың – табиғаттың адамға сыйлаған құнды сыйлығы, әйтсе де денсаулықтың адамға өмір бойы берілмегенін, оны сақтау керектігін, біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты екендігі туралы түсінік бердім. Балалар адамның өз бақыты өз қолында, ол үшін жағымсыз әдеттерден аулақ болып, жақсылыққа ұмтылып жүруі керектігін, ал дені сау адам еңбекке қабілетті болатынын еңбекқорлық пен еріншектік әдеттердің бір-біріне қарама қайшы әдеттер екенін түсіне отырып, еңбекке байланысты түрлі мақал-мәтелдер айтып, оны әрі қарай «Кім тапқыр?» ойынында допты бір-біріне бере отырып қызығушылықпен жалғастырып айтты. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» сабағында релаксациялық әділ-тәсілді қолданып, өздерінің отбасында аналары мен әкелерінің жүрекке жағымды, жылы сөздерді айтып еркелетіп, жылылық, сүйіспеншілік, махаббат сезімдерін оята білдім. Балаларға бас иіп сәлемдесу, алғыс айту, тіпті бір ауыз сөз айтпай жымиып бас ию – адамға деген құрметті, сыйластықты білдіріп, сол адамға деген құрметтің жымиып тұрып амандасудан басталатынын, сый-құрмет үлкенге де, кішіге де көрсетілетіндігін, тіпті үлкендер өзінен жасы кішілердің әдептілігін, көргендігін, тәрбиесін сыйлап бірінші болып амандасып, ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтып, баталарын беретіндігі туралы айттым. «Әдептілік-әдемілік» атты сынып сағатында «Мен шындығында қазір қандай адаммын?» тақырыбында трениг өткіздім. «Өзім туралы мен не білемін?», «мен өзіме басқа адамның көзімен қарайыншы, олар мен жайында не ойлайды?» және «мен қандай адам болғым келеді?» деген сауалдарға оқушылармен пікіралмасу жүргізідім. Сергіту сәтіндегі «Бірге жасаймыз» ойын-жаттығуы арқылы балаларды табиғат аясында орманда жүрміз деп, түрлі кедергілерден қалай өту керек қимылдарын бірге жасату арқылы сабаққа деген қызығушылықтары жоғары болды. «Шаңырақ жарастығы» тақырыбындағы үлгі сабақты шаттық шеңберінен бастадым. Балалар көңілді түрде шаттық шеңберінде айтылатын өлеңді барлығы қосылып, бір-біріне жақсы тілектер айтты. Бұл сабақта оқушылардың бір үйде тұратын адамдарға деген сүйіспеншілігін арттыруда А.Асылбековтің «Сүйіспеншілік» сабақта балаларға жақсы сөздердің адамға жылылық, қуаныш сыйлайтынын түсіндіре отырып, мынандай ойын ойнауды тәжірибемде жиі қолданам. Екі түрлі болып қиылған пішіндер ортаға шашылады. Балалар екі командаға бөлініп, екі қорапшаға жинап шығады. Сосын осы қиылған пішіндерден ақ қағазға үй құрастырып шығады да, ішіне бір шаңырақта жарастық болу үшін отбасы мүшелері арасында болатын адами қарым-қатынастар, қасиеттер жазылған сөздерді орналастырып тақтаға жапсырды. Дәйексөзді «Шаңырақ сәні – сыйластық» деп сабақтың тақырыбын халық мақалымен байланыстыра айтып, оқушылардың ортаға кезекпен шығып, үлкен адамдардың өздерін еркелетіп, жақсы көріп айтатын сөздерін солардың дауыс ырғағына салып айтуда «Айналайын, толғанайын!» сахналау көрінісін ұйымдастырдым. Мысалы: «Жарайсың! Ақылдым менің! Қолғанатым менің, қадамыңнан айналдым! т.б.» Бұл ойын балалардың өздеріне арналып айтылған жылы сөздерді естеріне түсіріп қана қоймай, сол сөздердің жылылығын сезіне отырып, соған лайықты болуға ықпал етуге бағытталады. «Сиқырлы қорапша» ойын-жаттығуында қорапшаның ішіндегі жұмсақ заттар мен қатты заттарды алып, қолдарымен беттерін сипап алған әсерлерін айтады. Жақсы сөздің де, жаман сөздің де осы заттар сияқты әсер ететінін түсінік бердім. Осы сабақтарда өзін ашық көрсете алмайтын тұйық балалар да өздерінің ойларын, көргендерін қызығушылықпен ортаға сала біледі. Бұндай ұжымдық жұмыстарда тұйық балалар көптеген жағдайда ашыла түсетінін байқадым. Балалардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін ашудың және дамытудың көп тәсілдері бар. Ал осы шығармашылық жұмыстардың әсері баланың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Сабақтың белгілі бір тақырыбына сәйкес түрлі суреттер салу, түрлі-түсті қағаздарды қиып жапсыру, коллаж құрастыру арқылы шығармашылық жұмысқа дағдыланады. Ватманға немесе альбомға суреттер жапсыру, гүл шоқтарымен бір-біріне тілектер айту, қамқорлыққа байланысты коллаж құрастыру, отбасы суреттерін жинау, жануарлар туралы суреттер салу немесе жинау, әдептілік ережелерін құрастыру, «үлгілі бала» тақырыбында суреттер жапсыру, балалардың сабақтарда, ата-аналармен тәрбие шараларында түскен суреттерінен альбом жасақтау. Сонымен қатар би билеуге, өлең айтуға, көркем сөз оқуға үйрету, ертегідегі кейіпкерлердің рөлін ойнау арқылы баланың жақсы адам болып, өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға әсерін тигізері сөзсіз. Осы жұмыстардың барлығы да бала шығармашылығына жатады. Сондықтан шығармашылықты дамыта отырып, жеке тұлға қалыптастыру мұғалімдердің шеберлігіне байланысты деп ойлаймын. Өзін-өзі тану сабақтарының өзі мақал-мәтел, жұмбақ, ертегі, әңгімелерсіз өтпейді. Сабақтың тақырыбына сәйкес пайдаланып жүрген аңыз әңгімелерді, жұмбақтарды, мақал-мәтелдерді, ертегілерді жинақтап сабаққа көмекші құрал ретінде пайдаланып жүрмін. Әр сабақтағы әдістерімнен үзінді көрсету арқылы өзін-өзі тану пәнін оқытудағы өзімнің тәжірибемді ортаға салу менің мақсатым болатын. Сабақтарымның тақырыбы әртүрлі болғанымен, мақсаты бір, балаларды адамгершілік қасиеттерге баули отырып, еңбекқорлыққа, жақсы жылы сөздер айтатын мейірімді, табиғатқа жанашыр, бірлікке ұмтылатын ұйымшыл рухани жеке тұлға қалыптастыру. Әрдайым балалардың өзін-өзі тану сабақтарына деген ықыласы ерекше, осы сабақ өтерде олар өзгеше қуанады. Олар сабақ барысында жасайтын шығармашылық жұмыстарды да, дәптермен жүргізілетін жұмыстарды да, үйге берілген тапсырмаларды да бар ынтасымен орындайды. Мен осы өткізген сабақтарымда алдыма қойған мақсатыма оқушының шығармашылық жұмыстары арқылы жете білдім деп айта аламын.
Жас ұрпақтың бойында ізгілікті тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына отбасындағы тәрбиесінің ықпалы ерекше. Бала отбасынан жақсыны да, жаманды да бойына сіңіреді. Сондықтан да халқымыз «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп текке айтпаған. Х.Санбаев атындағы мектептегі «Тәрбиеші мен тәрбиеленушінің тәрбие үрдісіндегі ынтымақтастығы» тақырыбында сынып жетекшілері арасында семинар кеңестің өтуіне себеп болған да осы еді. Кеңесте отбасы тәрбиесіне мектептің ықпал ету формасы, ата-анаға педагогикалық-психологиялық білім беруде сынып жетекшісінің функциясы аясында сыныптағы балалардың ата-аналарымен жүргізген жұмыстарымды көрсету арқылы, өзімнің аз уақыт ішінде ата-аналармен тез тіл табысып, олармен өткізген шаралар мен психологиялық әдістерді қолдану барысында қол жеткізген нәтижелеріме талдау жасадым. Ең бастысы – бала ата-ананың оның оқудағы жетістіктеріне қызығушылығын сезінуді, ата-ана тарапынан қолдауды сезінуі керек. Осыны негізге ала отырып оқушылар мен ата-аналармен тығыз байланыста болдым. Түрлі оқушылар деңгейін анықтайтын тренингтік сабақ, жарыс ойын сабақтарды өткіздім. Ата-аналармен де түрлі сауалнамалар жүргізіп, ата-ана деңгейінің қаншалықты екенін анықтайтын әдістерді қолданып тренингтер өткіздім. Тренингтің мақсаты: ата-аналардың бала болашағына үмітпен қарау, жас жеткіншектердің тұлғалық дамуына жағдай жасау, қиялдарына қанат, бойларына қуат бітіру, өз-өздеріне деген сенім күшін қалыптастыру. «Ата-ана махаббаты» атты тәрбие шарасын, тренинг, сауалнамалар өткіздім. Ата-аналармен тығыз байланыс жасау – оқушылардың өнегелі, тәлімді – тәрбие алуына мүмкіндік беруіне, кейбір нашар үлгерімді оқушының түзелетініне тәжірибемде талай рет көз жеткіздім. Сонымен қатар «Жеке тұлға қалыптастыруда сынып жетекшісінің тәрбие үрдісіндегі инновациялық әдістерінің тиімділігі мен нәтижелігі» тақырыбымен облыстық семинар болып өтті. Семинарда ата-ана, мектеп, бала үштік ара қатынасының мықты болуына үйлестірілген ата-анамен жұмысты қалай ұйымдастыруға болатынын «Бала – біздің болашағымыз» атты тәрбиелік шарасында ұсындым. Ата-аналарға да өзін-өзі тану сабағы ұнайды. Баланың рухани-адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы үшін ата-ананың, отбасы мүшелері тарапынан мейірімділік пен махаббат қажет екенін ұғады.
Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан рухани-адамгершілік тұрғысынан білім беру әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез келген ортада белсенділік көрсете алатын қабілеттерін жетілдіруді көздейді. Өзін-өзі тану пәні әр баланың шығармашылық қабілетін арттырады, ойлау мүмкіндігінің ең жоғары деңгейіне дейін жетуге жетелейді Күн өткен сайын ол деңгей биіктей береді де, жүйелі жұмыс нәтижесінде оның дамуы жоғары дәрежеге жетеді.