Жер бетіндегі тіршілік атаулының ішіндегі ақылы мен санасы дамыған жаратылыс – ол адамзат баласы.
Адам өмірі мен іс-әрекетіндегі жағымды қарым-қатынас пен сүйіспеншілік ізгілік сезімін тудырады. Ізгілік адамның өзіне және өзгелерге жасаған жақсы, игі, адал істерін қамтиды. Ізгілікті іс игілікке жеткізеді.
Иә, өткен күн де, істелген іс те орнына келмейді. Олардың орнын тек естен кетпес естеліктер мен сағыныш сазы ғана ауыстыра алады. «Біз – өмірге қонақпыз», – дейді сол тіршілік иесі атанатын адамдарымыздың талайы. Бұнысы – ақиқат. Мәңгілік мәнісінің ұзаққа бармайтынын пенделер біледі. Шынында да, өмір – бір өткел. Алдыңғысы өтеді, кейінгі кетеді. Сонда өмірдің мәні неде?
Тіршілік атаулы пайда болғаннан бастап, жақсылықтың мәнін түсіну үшін жамандық, қуаныштың мәнісін білу үшін қайғы, сыйласымдылық пен қимастық ерекшелігін пайымдау үшін сағыныш ұғымы адамдарға серік болды.
Жер бетіне енді жан бітіп, тірі жан иелері қалыптаса бастағанда, адамға ой мен ақыл берген жаратқанның арқасында осы бір тіршлік иелері дамудың талай белесінен өтіп, бақытты күндердің құшағында шалқыды. Бірақ оның мәнін де, қасиетін де сезбеді. өмір бойы осы құбылыстар қалыптасып, мәңгі тұратындай сезінді. Адамның адамдық болмысын қалыптастыратын Парасат пен Ақыл оларға осы өмірдің мәнін түсіндіру үшін Қайғы мен Өкінішті көмекке шақырыпты.
Қайғы келді. Адамдарды жасына жеткізбей қартайтты. Дүниенің орны толмас бөлшектерін сезіндірді. Олар одан құтылудың амалын ізденді. Бірақ тым кеш еді. Бақытты ғұмырдың бесігінде тербелген мына өмірдің шат-шадыманынан айрылғысы келмеген Қайғы адамдар мекенінде мәңгілікке тұрақтап қалды...
Оның соңын ала бере Өкініш жетті. Тірі кезінде сыйласа алмаған пенделер өкініш өзегін өртеген кезде ғана татулық пен достықтың, кешірімділік пен кішіпейілділіктің ғұмыр келбетін келістірер мәнді ұғымдар екенін шын мәнінде түсінді. Бірақ айтқанынан қайтпайтын, бір ізді Өкініш те өз ордасын осы өмірге қалаған кезде, адамдар сан соқты, бақытты ғұмырдың қадірін сезінбегендеріне бармақтарын тістеді. Бірақ күресуге тым кеш еді.
Жайлылық пен мәңгілікті көксеген екеуі де өзге ізгі ұғымдар: Бақыт, Қуаныш, Парасат, Ақыл сияқты адамдармен мәңгілікке бірге болуды мақсат еткендіктен, олардың жүрегінен орын алуды көздеді. Жақынына айырып, жандарына жара салды. Жаман сөз айтқызып, теріс әрекеттер істеткізіп, опық жегізді.
Алғашында адамдарға тек бір сәт қана бақыттың мәнісін сезіндіру үшін шақырған Ақыл мен Парасат бұл екеуінен қалай құтылудың амалын іздеді. Ақыл ойланды, Парасат толғанды. Сөйтіп, шешімге келді. Олар біреудің жаны жараланып, біреу қайғырса да, екіншілері оны қайталамау үшін одан сабақ алсын деген ниетпен Қайғы мен өкініштің адамдар жүрегінен орын алуына іштей келсті.
Сонымен бірге олардың орнын баса алатын соны ұғымды адамдар мекеніне шақырды. Ол өте қарапайым болатын. Сол қарпайымдылығының арқасында Қайғы мен Өкініш сияқтя әр адамның жүрегінен орын алуды көздеген жоқ. Өзін «іздеп келген» адамдарға ғана қызмет етуді ойлады. Қарапайым ғана қоңыр тұрмыс кешкен оған адамдар да Қайғы мен Өкінішке қарағандай зер салмады.
Тек көңілі терең, ақ-жарқын, кең пейіл қауым ғана өмірдің мәнін сол екенін терең сезді. Ол адамдарда қайғы да, өкініш те аз болды.
Содан бері талай уақыт өтсе де, осы бір ұғымдар бізбен бірге жасап келеді.
Өмірдің мәні түсінгенге – ауыр, сезінбегенге – жеңіл. Өмірдің мәні - өмірде емес..., сол өміріңді қалай өткізе білуінде, сыйласымдылықта, өзіңді өзің тани білуінде!
Қоғамдағы алауыздық пен араздықты, түсінбеушілікті, екі сөздің басына жетпей, ұрыса кететін құбылыстар үнемі ойға сауал қалдыратыны да жасырын емес. Төңіректегі адамдардың барлығы жылы жүз бен жарқын қабақты қажетсінетіндей. Өмір адамдарды талай істің қыр-сырына үйретсе де, бірақ жүректері ғажайыпқа сенетін ол шын мәнінде өздеріне ауадай қажет шырайды өзгелерге де өздері сездіретінін сезбейді де. Көбінің жүзінен рахаттанып тұрып қайғы орын алған. Мына мекеннің мәңгілік ұғымы иесі атанатынына тек сол қуанатындай.
Егер адамдар үнемі көңілсіздікті серік етіп жүрсе, бір келеңсіздіктің болғаны да. Тіршілік тауқыметі, күнделікті тұрмыстағы жетіспеушілік, істейтін іске үлгермеушілік сынды ұзақ-сонарға созылатын көңілсіздік әкелетін ұғымдар атауы сансыз көп. Дегенмен әр нәрсеге бір ашу шақырып, болмашыға ыза бола беру – адамның аз жасауына «таптырмайтын ем» болатынын да білмейтіндер жоқ емес-ау.
«Пешенеге жазылған» қандай ғұмыр иесі болсақ да, өмірімізді гүлдендіретін де, күлін көкке ұшыратын да өзіміз екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Алдыңғы буын жүріп өткен, кейінгі келешек келе жатқан осы өмір көшінде өмірдің мәні бақыт деп те, байлық деп те, атақ деп те арпаласпағанымыз абзал ғой.
Біз іздеген өмірдің мәні ой тереңінде, сана түсінігінде қалыптасқан. Сондай-ақ, қазақ ұғымында салт-дәстүрдің бір белгісі ретінде қалыптасқан. Осыған қарағанда кейінгі ұрпағының ашушаң болып, айтқан сөзге түсінбей кете беретінін бабаларымыз сезген бе деген ойға қаласың. Кішінің – үлкенге, үлкеннің кіші алдындағы сыйласымдылығы, адамдардың бір-біріне сыйласымдылығы – қарапайым күнделікті тұрмыстан басталатындығы баршамызға мәлім. Демек өмірдің мәні өзінде бола отырып, аспай-таспай жүре беретін сыйласымдылықтың шынында да қарапайым болғаны ғой.
Ал өзін өзі тани білу деген не? Өзіңді өзің қалай тани аласың. Шын мәнінде, ойлана қараған адамның өз бейнесі өзіне - айна. Айна алдында қара да, өз сырт-келбетіңді қалай түзесең, өз-өзіңнің жан дүниеңе үңілу арқылы бойындағы келеңсіздіктер мен кемшіліктерді түзете аласың.
Қайғы мен өкініш өмір сүріп жатқан әр пендеде болатыны мәлім. Адамның адамдығы қиындығын көрсетпеуінде, бойына жасыра білуінде, мейірлі жүз бен өзіне мақсат қоя білуінде.
Адамдар арасындағы сыйласымдылық санаңа сана, ойыңа ой, көңіліне қуаныш сыйлайды. Біреуге қажет екеніңді сездіреді. Жылы сөз, жарқын күлкі адам мұқтаждығын жоймаса да, көтеріңкі көңіл сыйлайды.
Өзгенің жақсы ісіне жаныңды жадыратып, шын ниетіңмен қуана алсаң, ақ пейілмен қызыға қарай алсаң, қуанышың мен бақытың өзіңе қарай қанаттарын қағып құрақ ұшатынын сезе білейік.
«Қамшының сабындай» қысқа ғана ғұмырда жақыныңды жаныңдай, жатыңды жақынындай сыйлап, өзіңді-өзің тани біліп, ғұмыр күндерін сыйласымдылық мен шуаққа арнағанның несі айып?!